Кездесу барысында екі команданың белсенділігі байқалды. Алғашқы минуттан бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Алғашқы он минуттың ішінде ресейлік хоккейшілер екі шайба соғып үлгерді. Оны Павел Акользин 6, Брендан Лайпсик 8-минутта өзінің еншісіне жазды.
Екінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де, аталған кезеңнің соңғы минуттарына дейін қарсыластар қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ойынның 37-минутында Аңсар Шайхмедденов пен Алекс Грант шығарып берген пасты Тамирлан Гайтемиров голға айналдырды. Ал, 39-минутта әріптесі Линден Вей берген пасты Дмитрий Шевченко қақпаға соқты.
Жақында елордалық команда сапына қосылған Александр Борисевич 46-минутта "Барыс" сапындағы алғашқы шайбасын қақпаға кіргізді. Бұл жеңіс голына айналды. Осылайша, "Барыс" қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.