Huawei еліміздің энергетика саласын цифрландыруға атсалысады

364

Энергетика министрлігі мен Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы екіжақты меморандумға қол қойды.

Huawei еліміздің энергетика саласын цифрландыруға атсалысады Фото: Министрлік

Ынтымақтастық аясында энергетика саласындағы жобаларды цифрландыру және автоматтандыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Меморандумға бүгін Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс пен Huawei Technologies Kazakhstan-ның бас директоры Чжао Сю қол қойды. Құжат цифрлық энергетика саласындағы бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға, еліміздің бірыңғай энергожүйесінің ғылыми-техникалық және өндірістік әлеуетін нығайтуға басымдық береді.

"Huawei компаниясының инновациялық технологияларымен тәжірибелерін зерттеп, оны Қазақстанға пилоттық жобалар арқылы енгізу. Цифрлық технология, цифрлық энергетика саласында келешекте жұмыс істейтін мамандарды даярлау. Ол үшін Huawei компаниясы мен қазақстандық ВУЗ-дармен қарым-қатынасын күшейту үшін ықпал жасаймыз", - дейді ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс.

Жалпы меморандумды жүзеге асыру үшін 3 негізгі бағыт айқындалған. Кадрлардың кәсіби деңгейін, жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру соның үшінші тармағы. Алғашқы шарт баламалы энергияны еліміздің энергожүйесімен интеграциялау. Нuawei-дің электромобильдерді қуаттауға арналған станцияларын ашу келесі мәселе. Қуаттау нүктелерін тек мегаполистерде емес, аймақ орталықтарымен жол бойына да орналастыру талқыланып жатыр. Нuawei ынтымақтастық аясында аталған үш бағытты бірдей дамытуға ниетті.

"Huawei компаниясы тек қана Қытайдағы тәжірибесімен емес, бүкіл әлемде, басқа елдердегі жобалары арқылы өзінің жаңа тәжірибесін алып келе алады. ҚР энергетика саласын дамыту мақсаттары бар. Бізде тәжірибе бар. Екеуін қосқан кезде екі жаққа да тек пайдасын тигізер бір жақсы жоба шығады деп сенеміз", - дейді "Huawei Technologies Kazakhstan" Бас директорының орынбасары Фарида Төлебаева.

Ал министрлік Нuawei-дің озық цифрлық шешімдері мен саладағы тәжірибесін Қазақстанның энергетикалық секторын жандандыруға пайдаланбақ. Технологиялар мен инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын Huawei компаниясы да елімізде "жасыл" энергетиканы дамыту мен қолдау білдіруге дайын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу