ХВҚ Қазақстанда 2024 жылы ЖІӨ өсімінің 3-3,5%-ға дейін төмендеуін болжайды

456

Биылғы деректерге сәйкес, жыл соңына дейін қазақстандық экономика өсімі 4,4%-ды құрайды. 

ХВҚ Қазақстанда 2024 жылы ЖІӨ өсімінің 3-3,5%-ға дейін төмендеуін болжайды Фото: inbusiness.kz

Қор сарапшыларының пікірінше, келесі жылға арналған болжамдардың төмендеуіне "Теңізшевройл" компаниясындағы мұнай өндіру көлемінің азаюы әсер еткен. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында 2023 жылғы Консультациялар және ҚР экономикасына жыл сайынғы шолу мен қаржы секторын бағалау бағдарламасының алдын ала нәтижелерімен таныстыру барысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Халықаралық валюта қоры Таяу Шығыс пен Орталық Азия департаменті директорының орынбасары Николя Бланштың айтуынша, болжамда көрсетілген 3-3,5% деңгейі Қазақстан үкіметі мақсат ететін көрсеткіштерден біршама аз. Оны жоғарлату үшін іргелі реформалар жүргізу қажет.

"Егер Қазақстанда әлеуметтік шиеленіс қайтадан туындаса, бұл әлеуметтік—экономикалық реформалардың барысына әсер етуі мүмкін", — деп атап өтті Николас Бланше.

Атап айтқанда, ХВҚ ҚР-да тұрғын үй-коммуналды қызметтер тарифтерінің өсуін құптайды. Алайда, бұл инфляция деңгейіне әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Жалпы, ХВҚ сарапшылары Қазақстанның банк жүйесін тұрақты деп санайды. Олардың мәліметтері бойынша, көптеген банктердің өтімділік қорлары жеткілікті.

"Мәселелердің бірі — банктерге ғана емес, банк топтарына да шоғырландырылған қадағалауды енгізу. Біздің тағы бір ұсынысымыз — өзара байланысты тараптарды несиелендіруге байланысты заңнамаға түзетулер енгізу. Егер банктік дағдарыстар туралы айтатын болсақ, онда Қазақстан осы күнге дейін үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жұмыс істемегенін анықтадық. Сондықтан, бірқатар ұсыныстар жасалды. Дағдарыс жағдайындағы банктер мемлекеттің көмегіне сенбеуі керек. Бұл норманы заңнамаға бекіту жеткіліксіз, оны нақты іс-әрекеттермен нығайту маңызды. Егер жаңа дағдарыс туындаса, ресми органдар банктерді құтқару үшін мемлекеттік қаражатты пайдаланудан аулақ бола отырып, кідіріссіз қалай әрекет ету керектігін білуі тиіс", — деп атап өтті Қазақстанның қаржы секторына баға берген ХВҚ маманы Пьерпаоло Гриппа.

Сондай-ақ, аяқталған есеп 2024 жылдың ақпанында жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу