IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығы мүшелері Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының үш әріптік кодын ауыстыру туралы шешімді бірауыздан қолдады. Бұл туралы ИИДМ азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына тұрақты рейстерді жүзеге асыратын IATA халықаралық әуе көлігі қауымдастығы мүшелері Air Astana, SCAT, Belavia, LOT Polish Airlines, Turkish Airlines, Air China, Uzbekistan Airways және FlyDubai қазақстандық және шетелдік әуе компанияларының өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өтті. Жиынның қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының үш әріптік кодын ауыстыру туралы шешімді әуе компаниялары бірауыздан қолдады. Енді бұл шешімнің хаттамасы IATA штаб-пәтеріне жіберіледі.