IBU қазақстандық 9 спортшыға тағылған айыптың күшін жойды

779

Қазақстандық спортшылардан допингке қарсы ережені бұзғаны үшін тағылған айыптар алынып тасталды.

IBU қазақстандық 9 спортшыға тағылған айыптың күшін жойды

2019 жылдың 10 қыркүйегі күні Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) допингке қарсы панелі биатлоннан Қазақстан командасының тоғыз спортшысына тағылған уақытша жарыстан шеттету туралы айыптың күшін жойды, деп хабарлайды Olympic.kz.

2019 жылдың 24 маусымы күні Инсбурк қаласында биатлоннан Қазақстан командасының жарыстан шеттетілген спортшыларына қатысты отырыс өтті. Отырыс IBU допингке қарсы панелінің бастамасымен өтті. Қазақстандық спортшылар атынан швейцариялық адвокаттар мен Қазақстан Биатлоншылар одағының бас хатшысы Манас Усенов сөз алды. Аталған отырыстың шешімі туралы ақпарат бүгін мәлім болды.

Қазақстандық спортшылардан допингке қарсы ережені бұзғаны үшін тағылған айыптар алынып тасталды. Сондай-ақ, олардың IBU ұйымдастыратын халықаралық жарыстардан шеттетілуі туралы шешімнің де күші жойылды. 

Еске сала кетсек,  2018 жылдың 21 қарашасында IBU Қазақстан командасының негізі құрамын, оның ішінде Галина Вишневская, Алина Райкова, Дарья Климина, Ольга Полторанина, Ян Савицкий, Максим Браун, Анна Кистанова, Антон Пантов және Василий Подкорытовты жарыстардан шеттету туралы шешім шығарған болатын.  Барлық биатлоншыларға халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуға уақытша тыйым салынды.  2019 жылдың 5 наурызы күні Қазақстан биатлоншылар одағының апелляциясын қанағаттандырған Спорттық арбитражды сот (CAS) Галина Вишневскаяға тағылған айыптың күшін жойып, оның ұлттық құрама сапында сынға түсуіне рұқсат берді. 

"Біздің спортшылар жалпы есебі 292 күн бойы жарыстан шеттетілді. Біз Ұлттық Олимпиада комитеті, мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, бұл істің оң шешімін табуына атсалыстық. Өйткені, тексеру кезінде біздің биатлоншылардан алынған допинг сынама теріс нәтиже көрсетті.  Біздің спортшыларға қолдау көрсеткен баршаңызға рахмет", – дейді Қазақстан Биатлоншылар Одағының Президенті Ермек Қизатов. 

2017 жылғы 8 ақпанда допинг қолданды деген күдікпен Австрияның Федералды полициясы Қазақстан құрамасының спортшылары мен жаттықтырушыларының допингке жоспардан тыс сынамаларын алып, іздестірді. Қазақстан құрамасына тиесілі қолданылған дәрі-дәрмектердің қоқыс жәшігінен табылуы допинг дауына себеп болды.  2018 жылдың 23 қарашасында  IBU-дан Қазақстан биатлоншылар одағына еліміздің тоғыз спортшымыздың 2017 жылғы ақпанда допингке қарсы іс-қимылға байланысты барлық жарыстарға қатысудан уақытша шеттетілгені туралы ресми хабарлама келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу