ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан Astana IT University командасы шығады

179

Сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген 270 студент қатысты. 

ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан Astana IT University командасы шығады Фото: Astana IT University

2024 жылғы 14-15 желтоқсан күндері Astana IT University қабырғасында ICPC халықаралық студенттік спорттық бағдарламалау олимпиадасының жартылай финалы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Турнир Астана, Санкт-Петербург, Новосибирск және Тбилиси қалаларында бір уақытта өтіп, Солтүстік Еуразия аймағының ең үздік командаларын жинады. Біртұтас рейтингтік жүйенің арқасында студенттер халықаралық деңгейде жарысып, өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетті.

Жеңімпаздар қатарында үздік нәтижелерді келесі командалар көрсетті:

1. "Sorry, who are you?" (Astana IT University) — жартылай финалдың жеңімпаздары, олар Қазақстанның атынан ICPC World Finals 2025 байқауына қатысады.

2. "1 Natural Intelligence" (International IT University, Алматы) — күміс жүлдегерлер.

3. "Jasdauren Street" (Nazarbayev University, Астана) — қола жүлдегерлер.

"Astana IT University командасының жеңіске жетіп, ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан шығатынын мақтан етеміз. Сондай-ақ, осы беделді контесттің тең ұйымдастырушысы ретінде, Орталық Азияның интеллектуалды дарындарының Астанаға, біздің университетке жиналып жатқанына қуаныштымыз. Бұл біздің аймақта IT-білім беруді дамытудағы маңызды орталық екенімізді тағы да дәлелдейді", — деп атап өтті Astana IT University ректоры Асқар Хикметов.

ICPC — әлемдегі ең ірі және ең беделді бағдарламалау олимпиадаларының бірі. Ол 1977 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл чемпионат студенттерге өз білімдерін дәлелдеуге және командада жұмыс істеу дағдыларын нығайтуға мүмкіндік береді, ал бұл халықаралық технологиялық компанияларда жоғары бағаланады.

Орталық Азиядағы ICPC жарысын ұйымдастырушылары — Спорттық бағдарламалау федерациясы мен Astana IT University. Турнир Freedom Holding Corp., "Freedom Шапағат" қоры және Kcell/activ қолдауымен өтті.

Қазақстанда ICPC жартылай финалының өтуі елдің Орталық Азиядағы IT-хаб ретіндегі позициясын нығайтып, технология саласындағы таланттарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Айта кетейік, байқауға қатысқан студенттерге NNEF білім беру қоры қолдау көрсетті. Қоғамдық Қор 1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылды. Қордың құрамына еліміздегі бірнеше білім беру кластерлері мен оқу орындары кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу