Иерусалим Израильге қарсы

573

Газа ауруханасында болған жарылыс "адамзатқа қарсы жасалған қылмыс".

Иерусалим Израильге қарсы Фото: REUTERS

Иерусалимдегі діни қауымдастықтар Израильдің әрекетіне осылай баға берді.  Ал 800 адамның өліміне қақтығысқан тараптар бір-бірін кінәлап әлек. Күн санап кепілге алынған адамдар саны да артып келеді. ХАМАС-тың 203 адамды ұстап отырғаны айтылуда. 

Бұған дейін мұсылмандар палестиналықтарды қолдап шеруге шығып, Түркия 3 күндік ұлттық аза тұту жариялады. Күн бұрын Иранның Мешхед қаласында кек алуды білдіретін қара ту көтерілді. Израильдің қолтығына су бүркіп, жан-жақты қолдау білдіріп отырған АҚШ билігіне халқы қапалы. Олар Парламентке басып кіріп, соғысқа қарсылықтарын жеткізді. АҚШ-тағы Еврейлердің бейбітшілік дауысы бірлестігі де палестиналықтарды қолдап жатыр. Иерусалимдегі дінбасылар израильдік не палестиналық деп бөлмей жанжалдан жапа шеккендерге теңдей қорған болатындарын мәлімдеді. 

"Біз шіркеулер ретінде осы қорқынышты және жойқын қырғынды айыптаймыз. Оны адамзатқа қарсы қылмыс ретінде қарастырамыз. Біз барлық тараптарды осы соғысты тоқтатуға шақырамыз", – деді Иерусалимнің Англикан Архиепископы Хосам Наум.

Наум ауруханадағы жарылысқа дейін Израильден эвакуациялау туралы үш хабарлама алғанын, бұл ескертулердің жарылысқа тікелей қатысы бар-жоғын түсіндірмегенін айтты. 

Еске салсақ, Газадағы Аль-ахли ауруханасындағы террорлық әрекетке Газа Израильді, Израиль Ислам жиһад тобын айыптаған еді. Наумның мәлімдемесі тартысқа нүкте қоюға жеткілікті сияқты. Бұл қайғылы оқиға Қытайға да ұнамай қалды. 

"Газадағы ауруханаға жасалған шабуыл адам шошырлық әрекет. Қытай оны қатты айыптайды. Зардап шеккендерге көңіл айтамыз және жанашырлық білдіреміз. Қытай дереу соғысты тоқтатуға шақырады", – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин  ҚХР. 

Ал Германияны кепілге алынған отандастарының тағдыры қатты алаңдатуда. Шольц тұтқындарды босатуға күш саламыз дейді.

"Барлығымыздың алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі тұтқындарды босатуды қамтамасыз ету. Олар сөзсіз босатылуы керек", – деді Германия Канцлері Олаф Шольц.

Соңғы мәліметтерге сәйкес Хамас содырлары кем дегенде 203 адамды тұтқында ұстап отыр. Бұл нақты сандар болмауы да мүмкін. 

"Осы уақытқа дейін біз 306 қаза тапқан әскери қызметкердің және 203 кепілге алынған адамның отбасыларына хабарладық. Біз осы қиын уақытта отбасылардың ауырсынуын сезінеміз және оларға қолдау білдіреміз. Кепілге алынған адамдардың санын нақтылауға біз бар күш-жігерімізді саламыз", – деді Израильдің бас әскери өкілі Даниэль Хагари.

Хагари жанашырлық пейілде пікір білдіргенімен Израиль газалықтарға аяушылық танытып жатқан жоқ. Олар Газаға гуманитарлық көмекті өткізуге келісті. Бірақ АҚШ Израильдің ХАМАСҚА қарсы бұрын-соңды болмаған қатыгездік операциясын дайындағанын мәлімдеді. Одан тағы да ХАМАС қалқан қылып отырған палестиналықтардың қырылу қаупі басым. Бірнеше күн бұрын бауырлас ұлтқа халқы қолдау білдірсе де билігі бүйрек бұрмай шекарасын жапқан Мысыр Газаға жақын Рафах бекетін қайта ашты. Қауқарлы Қатар апта бұрын Газаға соққыны тоқтатпаса, әлемде газ тапшылығын тудырамыз деген еді. Ал ауруханадағы жарылыстан кейін Еуропада газ бағасы қымбаттай бастады. Нидерланды мен Ұлыбританиядағы газ фьючерстері шамамен 5%-ға өсіп, 51,5 еуроға дейін жеткен. Қор биржаларындағы қымбатшылық Қатардың ескертуімен қабыса ма жоқ па оны кесіп айту қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу