Қазақстан өңірлерінде игерілмеген 15,5 млрд теңге қаржының 6,3 миллиарды Астана қаласына тиесілі. Ал Алматы болса 3,6 млрд теңге қаржыны игере алмаған. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды qazaqtimes.com.
"Республикалық бюджет шығындары 4 трлн 406,3 млрд теңге болды және 99,2% -ға орындалды. 4,9 млрд теңге үнемделді. Ал игерілмеген қаржы көлемі 30 млрд теңге және бұл жалпы шығын көлемінің 0,7 пайызын құрайды", - деді ол ҚР үкіметінің отырысында.
Оның сөзінше, қаражаттың игерілмеуіне қатысты жеткізушілер арасында келісімшарт міндеттерінің толық орындалмауы және конкурстардың уақытылы өткізілмеуі, іс-шаралар уақытының жиі өзгеруі сынды фактілер жиі кездеседі.
"Өңірлерге бөлінген 474,1 млрд теңге қаржының 96,5 пайызы игерілді. Игерілмеген қаржы көлемі 15,5 млрд теңге. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 5,5 млрд теңгеге аз. Ең көп қаражатты игере алмаған Астана қаласы - 6,3 млрд теңге. Алматы - 3,6 млрд теңге, Қызылорда облысы - 1,7 млрд теңге. Ақмола және Жамбыл облысында игерілмеген қаржы көлемі - 1,1 млрд теңге. Қаражаттың игерілмей қалуының басты себебі - жұмыстардың уақытылы атқарылмауы және келісімшарттардың кеш бекітілуі", - деді вице-министр.
Берік Шолпанқұловтың сөзінше, өңірлерде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша да 4,5 млрд теңге игерілмей қалған және бұл қаражаттың 2,6 млрд теңгесін тағы да Астана игере алмаған. Тіпті 64 республикалық бюджеттік бағдарламаға қауіп төніп тұр. Себебі осы бағдарламалар бойынша 119 млрд теңгеге ешқандай келісім жасалмаған. Ал бұл мемлекеттік органдардың халықаралық ұйымдармен жұмыс істеуге құлықсыз екенін көрсетеді.