Жамбыл облысында көп көлемдегі жер телімі пайдаланусыз жатыр. Облыс әкімдігінің жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының мамандары мұндай жерлер әсіресе Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарында көп екенін айтады. Олар бұрынырақта суармалы егістік алқабы болған екен. Бірақ, бүгінде игерусіз бос жатыр, деп хабарлайды abctv.kz.
Жалпы жыл басынан бері жерлерді пайдалану бойынша 67 тексеру жүргізіп, соның нәтижесінде 23 заң бұзушылық анықталған. Заң бұзушылықтар бойынша 13 ескерту және 10 тұлғаға 3,35 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ал көбіне көкөніс пен жеміс-жидек өсірумен күнелтіп жүрген дүнген халқы көп тұратын Қордай ауданы жер игеруден көпке үлгі. Онда өнімділікті еселеп арттыратын тамшылатып суару технологиясы 2013 жылы 630 гектарды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 2929 гектарға дейін ұлғайған. Ал жаңбырлатып суарылатын алқап 2013 жылғы 600 гектардан 2210 гектарға дейін өскен екен. Аудандағы нақты пайдаланылатын 31,8 мың гектар жердің 16,2 пайызында су үнемдеу технологиясы қолданылады.
Сондай-ақ, жерді бақылаудың заманауи тәсіліне бет бұрған Шу ауданы "Қазғарыш сапары" мекемесінің жер учаскелерін ғарыштан бақылау қызметін тұтынып отыр.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден өзге облыс орталығында жер учаскесінің нысаналы мақсатын бұзу фактілері жиі орын алатын көрінеді. Жыл басынан бері мұндай 13 факті тіркелген.
Жалпы, пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру биылғы төрт ауыл шаруашылығы статистикалық есебі және былтырғы бір жылдық мерзімге берілген нұсқамалар негізінде атқарылмақшы. Сөйтіп, жыл соңына дейін 104 ауыл шаруашылық нысаны қайта тексерілмек.