Игорь Лепеха Анас Баққожаевтың мәлімдемесі жайлы: "Әр азамат өз ойын білдіре алады"

369

Сөзінше, депутаттың мәлімдемесіне баға беретін сайлаушылары бар.  

Игорь Лепеха Анас Баққожаевтың мәлімдемесі жайлы: "Әр азамат өз ойын білдіре алады" Фото: bizmedia.kz

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха депутаттың мәлімдемесіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мен депутаттың (ред. - Анас Баққожаев) ұстанымына қатысты пікір білдіре алмаймын. Әр азаматтың, оның ішінде депутаттың өз ұстанымы болуына құқығы бар. Бірақ депутаттық ортада осы мәселені ретке келтіру бойынша шоғырланған пікір бар. Қазір енгізіліп жатқан шараларды қолдайтын көптеген депутаттың ұстанымымен таныспын. Өздеріңізге белгілі, бұл (тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы) заңға депутаттар бастамашылық етті. (...) Депутаттың позициясын естідік. Бәлкім, ол белгілі бір өмірлік жағдайларға байланысты нақты біреуді меңзеген шығар, нақты айта алмаймын. Бірақ жалпы айтсақ, өздеріңізге белгілі, ұсынылған түзетулерді үкімет бекітіп, олар барлық депутат тарапынан алдын ала таныстыру барысында қолдау тапты. Сондықтан жұмыс тобы аясында осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз", - деп жауап берді Игорь Лепеха Сенат кулуарында.

Тілшілер спикерден депутаттың "отбасылық жанжалға тілі ұзын әйелдер себепші болады" деп айтуы қаншалықты дұрыс екенін сұрады. 

"Бұл менің құзырыма жатпайды. Меніңше, егер бұл қолданыстағы заңнаманы бұзбайтын болса, онда әр азамат өз ойын білдіре алады. Түптеп келгенде бұл оның жеке көзқарасы", - деп атап өтті спикер.

Игорь Лепеха Анас Баққожаевпен жеке таныс еместігін жеткізді.

"Сол себептен де ол туралы пікір айту қиын. Екіншіден, мемлекеттік қызметші ретінде оған қатысты пікір білдіруге құқығым жоқ. Депутатқа баға беретін сайлаушылары бар", - деп түйіндеді  Ішкі істер министрінің орынбасары.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев отбасындағы жанжалға тек ерлерді айыптауға болмайтынын айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу