2018 жылдың 4 желтоқсанында еліміздің барлық өңірлеріндегі темір жолдары бөлімшелерінен келген, 300 тарта жас қызметкердің қатысуымен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның ІХ республикалық жастар форумы ашылды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Бүгінде ҚТЖ-да 50 мыңдай жас қызметкер болса, бұл жалпы жұмыс істеушілердің 39% құрайды. Жұмысшы мамандығы бойынша 39 мыңдай адам жұмыс істеуде. Ал басшылық лауазымында және жетекші мамандар – 13 мыңдай адам.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ алдында көліктік-логистикалық кешенді ары қарай дамыту, Қазақстанның транзиттік әлеуетін жүзеге асыру жөніндегі күрделі міндеттер тұр. Нәтиженің негізгі базасы жұмыс жағдайының өзгеруіне жедел бейімделу және белсенділік таныту болып табылады.
"Сондықтан да ішкі және сыртқы қауіптерге, мүмкіндіктерге жедел де ілкімді жауап беретін жастарға маңызды орын беріліп отыр. Компания өз тарапынан жас қызметкерлердің қабілеттерің шыңдауды, бастамаларын қолдауды және белсенді жастар саясатын жүзеге асыруды жалғастырады", - деді "ҚТЖ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев.
Осы мақсатта "Жастар – өзгерістер лидері!" жаңа корпоративтік бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарлама шеңберінде 2019 жылы "ҚТЖ 100 жас тұлға" жобасы іске қосылатын болады. "ҚТЖ Лидері", Professional skills, "Үнемді өндіріс бойынша үздік жоба" мен "Цифрлы ҚТЖ" байқауларының жеңімпаздары МВА бағдарламасы бойынша білім алуға, халықаралық тәжірибеден өтуге және "Worldskills Hi-tech" Еуразиялық чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
Сауат Мыңбаев "Атаулы стипендия" және "Магистраль" бағдарламасы бойынша Қазақ көлік және коммуникация академиясының екі студенті – Гүлжан Жалғасқа және Саттар Бертілеуовке компанияның білім беру гранттарын табыс етті.
ІХ республикалық жастар форумы 7 желтоқсанында өз жұмысын аяқтайды.