II Дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияда жерленген тағы 18 қазақстандық жауынгердің есімі анықталды

712

Қазақстанның Ослодағы Елшілігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияда болған Норвегияда тұтқында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің жаңартылған тізімін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

II Дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияда жерленген тағы 18 қазақстандық жауынгердің есімі анықталды

Соңғы айларда 18 қазақстандық сарбаздың аты-жөні мен жерленген жері анықталған. Бүгінгі таңда есімдері белгілі қазақстандық солдаттардың жалпы саны – 74.

Сарбаздар Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары немесе сол өңірлерден әскерге шақырылған.

Жауынгерлердің бейіттері Саннешоен (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård), Лиллехаммер (Jørstadmoen), Берген (Åsane kirkegård) және Тронхейм (Støren kirkegård) қалаларының жанындағы кеңестік әскери зираттарда.

"Тізімде сарбаздың туған жылы мен мекені, әскерге шақыру, қызмет ету, тұтқындалуы, қайтыс болған кезі және жерленген жері, туыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ қолда бар құжаттарға сілтемелер берілген. Тізім "Фалстад орталығы" (Норвегия), Қазақстан аумағынан шақырылып Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен әскери қызметшілер туралы "Мемориал" деректер банкі, сондай-ақ Ресейлік "Мемориал" жиынтық деректер банкі сияқты бірнеше деректер көздерінен алынған ақпаратты салыстыру арқылы жасалды", – деп жазылған хабарламада.

Бүгінгі күнге дейін Норвегияда жерленген кеңестік әскерилердің шамамен 15 500 саны туралы белгілі болып, олардың 7000-ға жуығының есімдері анықталған.

1941-1945 жылдары Норвегияда жерленген қазақстандық жауынгерлердің тізімін (2022 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша) сілтеме арқылы өтіп, алуға болады.

Фото: Лиллехамердегі Йорстадмоен Кеңестік әскери зираттағы ескерткіш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу