ИИДМ "әуежайларда тексерілмейтін тұлғалардың тізіміне" қатысты түсініктеме берді

843

Бұқаралық ақпарат құралдарында көлік инфрақұрылымы объектілерінде тексерілмейтін тұлғалардың тізімінің бар болуына қатысты жарияланған ақпаратқа байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі түсініктеме берді. 

ИИДМ "әуежайларда тексерілмейтін тұлғалардың тізіміне" қатысты түсініктеме берді

"Бұл тізім ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 18 шілдедегі № 817 қаулысымен бекітілген. Алайда заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты 2021 жылдың соңында мұндай тізбені бекіту құқығы көлік саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді", – дейді министрліктен.

2022 жылғы 18 сәуірде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі №213 бұйрыққа қол қойып, бұрын қолданыста болған тізімдер қайта бекітілген.

- тексеру жүргізілетін көлік инфрақұрылымы объектілерінің тізімі;

- тексеру жүргізілмейтін тұлғалардың тізімі;

- көлік инфрақұрылымы объектілеріне әкелуге тыйым салынған заттар мен құралдардың тізімі.

"Айта кетерлігі, аталған бұйрық тек вокзалдар, метро станциялары мен теңіз портына, әуежайларға, жолаушылар терминалдары жоқ әуе айлақтарына кіру кезінде тексеруге қатысты жүзеге асырылады. Алайда бұл құжат Қазақстан Республикасының кеден және шекара қызметі органдарының тексеру жүргізу талаптарына қатысты қолданылмайды", – деп түсіндірді ведомстводан.

Айта кетсек, "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" ҚР Заңының 24-1-бабының талаптарына сәйкес терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамада белгіленген қауіп-қатер деңгейіне байланысты жолаушылар және көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдар, олардың алып жүретін заттары, оның ішінде қол жүгі мен багажы тексеріледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу