Бүгін ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көлік комитеті ұжымына жаңа басшысын таныстырды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
"Комитет басшылығында бірқатар кадрлық шешімдер қабылданған болатын. Көлік комитетінің төрағасы лауазымына Самат Қуанышұлы Гилимов тағайындалды", – деді министр.
Роман Скляр комитет ұжымы алдында бірқатар маңызды міндеттер қойып, жаңа төрағаға сәттілік тіледі.
Самат Гилимов 1964 жылы Атырау облысында туған. Еңбек Қызыл Ту ордені атындағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы Гурьев облысының Қосшағыл кеңшарында слесарь болып бастаған. Түрлі жылдары коммерциялық секторда еңбек еткен.
2002-2005 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
2005-2007 жылдары "Қазмұнайгаз" Барлау Өндіру" АҚ "Ембімұнайгаз" филиалы аппаратының басшысы – директордың орынбасары.
2008-2017 жылдары Көліктік бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша өңіраралық Көліктік бақылау инспекциясының бастығының орынбасары, бастығы, басшысы лауазымдарында болды.
2017 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарды.