ІІМ 80 адамның ұсталуына қатысты түсінік берді

1065

1 мамыр күні Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында рұқсат етілмеген митингілер мен жиындар болды. 

ІІМ 80 адамның ұсталуына қатысты түсінік берді

ІІМ 1 мамырда болған наразылық шерулеріне қатысты түсінік берді. Бұл туралы ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасында хабарланды.

"1 мамыр күні Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында бас прокуратураның ресми үндеуіне қарамастан, рұқсат етілмеген митингілер мен жиындар болды. Акцияға қатысқандарға әлеуметтік және басқа да мәселелері туралы өзінің қоғамдық ұстанымы мен пікірін еркін және ашық айтуға мүмкіндік берілді. Алайда, Нұр-Сұлтан мен Алматыда жиналғандардың кейбірі өзін тым дөрекі ұстап, тыйым салынған экстремистік ұйым "ДВК"-ның ұрандарын айқайлап, қоғамдық тәртіпті бұзды, – делінген ІІМ таратқан ақпаратта.

ІІМ хабарлауынша, талапқа бағынбағандықтан, полицияның күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге шара қарастырылып, оларды ұстауға тура келген. Алматы мен елордада полиция бөлімшесіне 80 адам жеткізілген.

"Олардың әрекетіне заңға сәйкес баға берілетін болады", – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, бұған дейін бас прокуратура үндеу жариялаған болатын. Онда 1 мамырда рұқсат етілмеген митингілерге қатысқандардың әрекеті заң бұзу болып саналатынын ескерткен еді.

"Осындай акцияларға қатысуға шақырғаны, оларды ұйымдастырғаны, қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауаптылық туындайды. Егерде бұл әрекеттер елеулі зардап келтіретін болса, онда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылыққа тартылады,– делінген үндеуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу