Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін себептерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі. Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауына ықпал ететін себептер келесідей болуы мүмкін. Мысалы, жалғыздық сезімі, қиын материалдық жағдай, ата-аналарымен немесе туыстарымен жанжалдасу, оқудағы ұрыс-керістер, ата-анасының ажырасуы, жақын адамының қайтыс болуы, жазаланудан қорқу және тағы басқа себептер", - деді ІІМ ресми өкілі.
Суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады.
"Суицид жасау және соған әрекеттенудің 14 жағдайында кәмелетке толмағандар мас күйде болған. Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің 1 жағдайында жасөспірім есірткілік масаң күйде болған. Талдау көрсеткендей, суицидтер мен суицид жасауға әрекеттенудің басым бөлігі 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдермен жасалған", - деді Шыңғыс Алекешев.