Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов екі басылымның редакциясында жүргізілген тінтуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"30 наурыз күні Астана қаласы ІІД-ға ҚР азаматы Кәкімжановтан арыз түсті. Ол Ratel.kz порталы мен Forbes Қазақстан журналында жалған ақпарат тарауына байланысты шаралар қабылдауды сұраған. Аталған арыз сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіміне енгізілді. ҚР ҚК 274-бабы 3-тармағы бойынша тергеу басталды", - деді ол.
Министр мұның алдына 2017 жылы ұзақ сот талқылаулары болып өткенін атап өтті.
"Медеу аудандық соты өзі қараған материалдар негізінде және сот тапсырмасымен жүргізілген сот психо-физиологиялық сараптама негізінде арызданушы көрсеткен барлық мәлімет шындыққа жанаспайды және оның ар-намысына кір келтіреді деген шешім қабылдады. Осыған байланысты тергеу басталды, соттан үйде және жұмыс орнында тінту жүргізу туралы санкция алынды. Сондықтан тергеу органдары осы іс-шараларды жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша барлық ақпаратты кейінірек хабарлаймыз", — деді Қасымов.
Ол құқық қорғау органдары бұрын журналистер пайдаланған барлық техниканы тәркілегенін айтты.
Айта кетсек, кеше полиция қызметкерлері Ratel.kz порталы мен Forbes Kazakhstan журналының редакцияларында тінту жүргізіп жатқаны белгілі болды.