ІІМ: Былтыр қос азаматтық алған 138 адам Қазақстаннан шығарылды

708

Барлығы 3515 адам жауапқа тартылған.  

ІІМ: Былтыр қос азаматтық алған 138 адам Қазақстаннан шығарылды Фото: egemen.kz

Қазақстанда қос азаматтық алған 138 адам елден шығарылды. Бұл туралы ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек дәстүрлі брифинг барысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жыл сайын 20 мыңға жуық тілек білдіруші ел азаматтығын алу мәселесі бойынша жүгінеді. Тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды, ал өткен жылы – 22 мың адам, оның ішінде ҚР Президентінің Жарлығымен – 1375, жеңілдетілген тәртіппен 20 мыңнан астам адам азаматтыққа қол жеткізді. Оның ішінде 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша – 1287, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы Конвенция бойынша 1777 адам бар", - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Ол атағандай, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды, сондықтан мұндай деректерді  анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда тұр.

"Заңнамада еліміздің азаматтығынан айырылған адам ҚР азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны үшін, сондай-ақ заңнамада белгіленген хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қос азаматтығы бар фактіні жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу не ҚР шегінен шығару көзделген. Мәселен, өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соттардың шешімдерімен 138 адам елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды", - деді ол.

Өкілдің айтуынша, соңғы бес жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жауапқа тартылды, оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығының қазақстандық азаматтығы жойылды.

"Биыл қос азаматтық фактілерінің алдын алу үшін екінші азаматтығын жасырғандарға жауапкершілікті қатаңдату үшін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу