Оның сөзінше, еліміз бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға ішкі істер органдарының 45 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылды.
"Сайлау өткізетін орындарда құқық бұзушылықтарға ден қою үшін қосымша жедел тергеу топтары құрылды. Бюллетеньдерді әкелгенге дейін барлық сайлау учаскелері қауіпсіздікке тексерілді. Сайлау орындарына бюллетеньдерді жеткізген кезде полиция ілесіп алып жүріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етті", - деді Қайсар Сұлтанбаев.
"Сайлау туралы" заңның 39-бабы бойынша полиция қызметкерлерінің сайлау өткізу процесіне араласуға, дауыс беру үй жайларында болуға құқығы жоқ.
"Бұл ретте сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті бұзушылықтың жолын кесу үшін олар комиссия төрағасы шақырған жағдайда ғана барады. Жалпы қазіргі уақытта елдегі және сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ", - деді ІІМ өкілі.