Бұл туралы ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Автокөліктерді айдап кету мен ұрлауға ықпал ететін негізгі себептерді бөліп көрсетуге болады. Оның біріншісі – күзет дабылдарының болмауы. Ұрлау жағдайларының 70%-ында дабыл болмай шығады. Бұдан басқа автокөлікті ұзақ уақытқа қараусыз қалдыру, сонымен қатар ТМД елдерінің "сатушыларынан" "қылмыстық" және шектеуі бар автокөліктерді сатып алу", - деді спикер.
Шұғыла Тұрлыбектің сөзінше, былтыр жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде автокөлікті айдап кету және ұрлау фактілері бойынша мыңнан астам адам ұсталған. Оның ішінде 40 қылмыстық топ құрықталды.
"Жыл басынан бері автокөлік ұрлығымен айналысатын 140 адам, екі қылмыстық топ жауапқа тартылды. 25 ақпан күні Алматыда автокөліктерді ұрлағаны үшін қылмыстық топтың 3 қатысушысы ұсталды. Олардан автокөліктің фарасы арқылы борттық компьютерге қосылып, автомобильдің күзет жүйесін ажырататын электрондық құрылғы тәркіленді", - деді министрлік өкілі.