Ішкі істер министрлігі көлік жүргізуге болмайтын, медициналық теріс көрсетілімдері бар адамдар туралы деректерді алатын болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын жазғанбыз.
"Заң жобасы Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізушілерге қатысты медициналық деректерін Ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған дерекқорымен біріктіруді және ақпарат алмасуды көздейді. Осы уақытқа дейін көлік құралдарын басқаруға тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілердің көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату тек сот шешімі бойынша жүзеге асырылып келді. Бұл көп уақытты талап етеді және денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға болмайтын адамдардың көлік жүргізуді жалғастыруына мүмкіндік береді", – деді депутат Нұртай Сабильянов.
Ал бұл өз кезегінде жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді, дейді мәжілісмен.
"Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде 22600 адамның көлік құралдарын басқаруға қарсы медициналық көрсетілімдері бар. Оның ішінде 5500 адамның жүргізуші куәлігінің күші сот шешімімен тоқтатылған. Бұл рәсімге айлар, тіпті жылдар кетуі мүмкін. Бұл ретте азаматтардың нақты диагноздары берілмейді, тек денсаулық жағдайына байланысты "көлік жүргізуге болмайды" деген ақпарат қана ұсынылады", – деп атап өтті ол.