Ішкі істер органдары онлайн-платформалар арқылы жасалатын көлік ұрлығының тың схемасын анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тергеу деректеріне сәйкес, тапсырыс берушілер мен арнайы көлік тасымалдаушы хабарландыруларын Della және Fa-Fa.kz секілді сервистерге орналастырады. Көбіне бағыттар Алматы мен Алматы облысынан елдің өзге өңірлеріне қарай белгіленеді.
"Осы хабарландыруларға қылмыскерлер жауап береді. Олар бір мезетте екі рөлге кіреді. Бірінде клиенттерге өздерін тасымалдаушы ретінде таныстырса, бірінде жүргізушілерге әлеуетті тапсырыс беруші болып көрінеді. Барлық шарт келісілген соң, жүк тиеген көлік қаладан ұзай бергенде, қылмыскерлер тасымалданған автокөлік немесе жүкті басқа жерге ауыстырып, ізін суытады", – деп ескертеді мамандар.
ІІМ бұл схеманың қауіптілігі оның "заңды келісім" түрінде жасалуында екенін атап өтті. Құжаттар мен хат алмасу бар болғанымен, іс жүзінде жүк иесі де, жүргізуші де алаяқтардың құрбанына айналады.
Ведомство азаматтарға онлайн-платформалар арқылы тасымал ұйымдастырғанда сақ болуға шақырады. Атап айтқанда, тасымалдаушының құжаттарын мұқият тексеру, алдын ала төлем жасауға асықпау, маршрут пен байланыс деректерін нақтылау қажет.