Биыл жол апаты бойынша барлық көрсеткіштер төмендеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр жолдағы қауіпсіздік ведомствоның ерекше бақылауында екенін айтты.
"Кешенді ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар қабылданды. Нәтижесінде биыл жол апаты бойынша барлық көрсеткіштер төмендеп жатыр: жол-көлік оқиғалары – 5%-ға, қаза тапқандар – 15%-ға, жарақат алғандар – 6%-ға азайды. Бірақ, бұл нәтижемен шектеліп, өзімізді жұбатуға болмайды. Әрбір санның артында – адам өмірі мен денсаулығы тұр. Сондықтан, нақты жұмыстарды жалғастырып жатырмыз", – деді ведомство басшысы.
Біріншіден – көлік тәртібіне бақылау күшейтілді. Техникалық шешімдер белсенді қолданыста. Осы саладағы барлық цифрлық сервистер "ТОР" платформасына біріктірілді:
– Жасанды интеллектіні қолдану арқылы көліктерге бақылау жүргізіледі, 8 сағаттан артық рөлде отырған адамдар, сондай-ақ ұрланған автокөліктер анықталуда;
– "Қорғау" жүйесі арқылы іздеуде жүрген, жалған нөмір тағып алған көліктерді және "өрескел" бұзушыларды анықтаймыз;
– Жол ережесі бұзушылықтарын автоматты түрде анықтайтын жүйелерді дамытып жатырмыз. Олардың санын 28 мыңнан 32 мыңға дейін жеткіздік;
– Республикалық трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қолданылуда.
"Дәл осы жүйе орнатылған учаскелерде жол-көлік оқиғалары саны – 10%-ға, қаза тапқандар – 33%-ға, жарақат алғандар – 12%-ға азайды. Яғни, тиімді болуда. Бүгін бұл жүйе – ұзындығы 2 800 шақырымды құрайтын, 12 участокта бар. Жыл соңына дейін, Көлік министрлігімен бірге, тағы 16 участокта орнатамыз. Ол қосымша 2 800 шақырымды қамтиды. Осылайша, орташа жылдамдықты өлшейтін құралдар – барлығы 5 600 шақырымды құрайтын 28 учаскеде орнатылады. Бұл жұмысты жалғастырамыз", – деді Ержан Сәденов.