Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция департаментінің басшысы Анар Жарова өткен жылдың сыбайлас жемқорлық бойынша мониторинг қорытындыларын мәлім етті.
"Құқықтық статистика органдарының мәліметтері бойынша өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандар саны 1002 адамды құрады. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 7%-ға аз", – деген агенттік өкілі жемқорлық асқынған органдардың бестігін атады.
Агенттік өкілінің мәліметіне сенсек, орталық мемлекеттік органдардың ішінде 297 қызметкері сотталған Ішкі істер министрлігі "көш бастап" тұр. Қаржы министрлігі (49) екінші, Қорғаныс министрлігі (29) үшінші, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (20) төртінші, Ауыл шаруашылығы министрлігі (19) бесінші орында.
"Сотталғандардың ішінде 515 қызметкер орталық мемлекеттік органдарда, 261 адам жергілікті атқарушы органдарда, 37 адам квазимемлекеттік секторда жұмыс істеген. Қалған 189 сотталушы – өзге тұлғалар. Негізінен қылмыстар аталған министрліктердің аумақтық бөлімшелерінде немесе ведомстволық бағынысты ұйымдарында жасалған", – деді Анар Жарова.
Есжан Ботақара