ЖИ арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары пайда болды

171

Қаскөйлер басқа амалға көшті.  

ЖИ арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары пайда болды Фото: polisia.kz

Алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк секторының өкілдері және басқа ұйымдардың мамандары ретінде көрсету үшін ұқсас суреттерді, аудио және бейнематериалдарды жасау мүмкіндіктерін белсенді түрде қолданып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жасалатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінің таралуы туралы ескертті.

"Қаскөйлер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк секторының өкілдері және басқа ұйымдардың мамандары ретінде көрсету үшін ұқсас суреттерді, аудио және бейнематериалдарды жасау мүмкіндіктерін белсенді түрде қолдануда. Атап айтқанда, азаматтарға бейнеқоңыраулар арқылы белгісіз тұлғалар жалған бейне мен дауысты пайдалана отырып, өздерін полиция қызметкерлері, ұлттық қауіпсіздік органдары немесе банктердің қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстыратын жағдайлар тіркелуде", – деп хабарлады ҚР ІІМ.

Осылайша күдікті операцияларды анықтау немесе ақшаның сыртқа шығу қаупі деген сылтаумен олар азаматтарды ақшаны шұғыл түрде "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіреді.

Сонымен қатар ресми хабарламаларға ұқсас етіп жалған хабарламалар мен құжаттарды жіберу, мемлекеттік органдар немесе қаржы ұйымдары өкілдерімен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды пайдалану фактілері де кездеседі.

"Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін, құпия мәліметтерді сұрамайтынын және телефон арқылы қаржылық операциялар жүргізуді ұсынбайтынын ескертеді. Алаяқтықтың алдын алу үшін бейтаныс адамдардың ақша аударуға қатысты нұсқауларын орындамаңыздар, жеке және банк деректерін бермеңіздер, сондай-ақ келіп түскен ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер. Барлық алаяқтық фактілері мен әрекеттері туралы дереу полицияға хабарлау қажет", – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бейбіт Біржанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу