Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған күдікті топтың үйлестірушісін ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы ("Қорқыту"), 147-бабы ("Жеке өмірге қол сұғу"), 158-бабы ("Журналистік қызметке кедергі келтіру"), 202-бабы ("Біреудің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру") және 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша айып тағылып отыр.
Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі – шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда "тапсырыстар" беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу сияқты әрекеттер жасалған арнайы техника табылып, тәркіленді.
Аталған топ В.Борейкоға, Г.Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, С.Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан аса арандатушылық шабуыл жасаған.
Бұл – автокөлікті өртеу, журналистерге, олардың туыстары мен редакцияларға қоқан-лоққы көрсету мен шабуылдар жасау, DDoss шабуылдар.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қылмыстық топ шабуылдарының басты мақсаты – журналистерді қудалауды имитациялау арқылы президентті және ол жүргізіп отырған демократиялық реформаларды дискредитациялау.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу мүддесіне сәйкес басқа мәліметтер жария етілмейді.