Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында 38 қылмыстық іс тіркеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету, қатысу және трансұлттық қылмыс фактілері бар.
ІІМ мәліметінше, әртүрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортамен байланысы бар 160-тан астам адам жауапкершілікке тартылып жатыр. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарына қатысты 270-тен астам бопсалау дерегі анықталды.
Еліміздің өңірлерінде жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сонымен қатар Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, түзеу мекемелерінде 50-ден астам қылмыстық іс тіркелді. Ал ІІМ бастамасымен "заңдағы ұры" санатына жататын және шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынды.
Ведомствоның мәліметінше, "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заң аясында 80-нен астам қылмыс анықталып, зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді.