Іле Алатауы тауларында адасқан екі турист табылды

753

Зардап шеккендердің жағдайлары қанағаттанарлық, медициналық көмекке мұқтаж емес. 

Іле Алатауы тауларында адасқан екі турист табылды Фото: gov.kz

2023 жылғы 26 наурызда сағат 23:32-де Алматы қаласы ТЖД кезекші-диспетчерлік бөліміне "Аюсай" шатқалы мен сарқырамасының аумағында тауда ер адам және әйел адам жоғалып кетті деген хабарлама келіп түсті. Туристер қайтар жолынан адасып, қараңғыда төменге түсе алмаған. Өтініш берушілер зардап шеккендердің өздері болды. Адасқандардың орналасқан жері туралы мәлімет Алматы қаласы әкімдігі құтқару қызметінің жедел кезекшісіне жіберілді. 4 құтқарушы бір техникамен іздеу-құтқару жұмыстары орнына  жолға шықты. Іздеу орнына келген кезде адамдардың іздері болған жоқ, аталған жерде аз көлемді көшкін болды, - дейді құтқарушылар.

Арада бір сағат өткеннен кейін жоғалған ер адам ТЖД кезекші бөліміне қайта қоңырау шалып: олар жолды тауып, көтеріле бастағандарын хабарлаған, сөйтіп байланыс қайтадан үзіледі. Түнде сағат 4:20-да "Аюсай" шатқалына қосымша құтқару қызметінің және КСП "Тұйық-Су" 7 құтқарушысы мен 2 бірлік техникасы жіберілді. Туристер қайтып байланысқа шықпады, ұялы байланыс ұстамады.

Таңғы сағат 6.00–де ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының 7 адамнан құрылған жедел тобын, оның ішінде бір кинологиялық есепті іздеуге жіберу туралы шешім қабылданды. Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары спутниктік байланыспен жарақталған. Космостанцияға келген Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шатқалдан төмен қарай іздеу жұмыстарын жүргізе бастады. Тәуліктің қараңғы уақытында, қауіпті тік беткейлермен, төменгі температурада жоғалған туристерді іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ.

Іздеу жұмыстары таң бойы жалғасты. Сағат 09:57-де құтқару қызметінің іздестіру тобы туристерді таудың жотасындағы бірінші сарқырамадан жоғары орналасқан "Аюсай" шатқалынан тапты. Зардап шеккендермен визуалды байланыс орнатылды. Содан кейін құтқару операциясы жалғастырылды. Жұмысты тік беткейлер мен  қардың көптігі қиындатты.

Сағат 15:45-те құтқару қызметінің құтқарушылары мен Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы зардап шеккендерді Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлер бригадасына жеткізді.

Құтқарушылар таудағы қауіпсіздік ережелерін еске салады: тауға жалғыз бармаңыз, қолайсыз ауа-райы жағдайында бағыттан шықпаңыз, серуеннің негізгі бөлігін түскі ас уақытына дейін жасаңыз, көшкін қаупі туралы хабарлаған кезде серуенге шықпаңыз, құтқару қызметтерінің ұсыныстарын тыңдаңыз. Жақын адамдарыңызға жоспарланған бағытыңыз және  оралу уақытыңыз туралы хабарлауды ұмытпаңыз, делінген хабарламада. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу