Іле-Балқаш табиғи резерватына жолбарыстар жіберу үшін дайындық басталды

3271

Жабайы табиғатты қорғау қорының қаржыландыруымен әзірге мұнда 5 бұқар бұғысы әкелінді. Себебі марал болмаса, жолбарыс тіршілік ете алмайды.

Іле-Балқаш табиғи резерватына жолбарыстар жіберу үшін дайындық басталды

Алматы облысындағы Балқаш ауданына 2024 жылы жолбарыстар әкелінеді, деп хабарлайды 24.kz.

Отандық және шетелдік ғалымдар бұл жыртқыш аңды жаңадан құрылған Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында ұстап, көбейтуге болатынын айтып отыр. Ол үшін саябаққа Сырдария-Түркістан ұлттық паркінен бұғылар әкеліне бастады.

Балқаш ауданының аумағында мекен еткен ең соңғы Тұран жолбарысын аңшылар 1947 жылы атып алыпты. Оның жоғалуына бұғылардың азайып кетуі себеп болған. Ал бұғылар шаруашылықты белсенді жүргізуге байланысты өзге мекенге ойысты.

Отандық ғалымдар соңғы 5 жылда біріккен ұлттар ұйымының арнайы жобасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Іле-Балқаш табиғи резерваты құрылды. Өткен жылдың желтоқсан айында мұнда Сырдария-Түркістан ұлттық саябағынан тоғай бұғылары әкелінді. Қазір олар жалпы аумағы 10 гектар жерге салынған қоршаудың ішінде тіршілік етіп жатыр.

"Орман және аң шаруашылығы комитеті меморандумға қол қойып, жабайы табиғатты қорғау қоры үлестерін қосып жатыр. Оның бір айғағы өткен жылдың қазан айында кордон салынды. Кордон – яғни бекет. Біздің мемлекеттік инспекторлар осы өңірді қорғап, болып жатқан табиғи процестердің бәрін қадағалап, сұғанақтарды кіргізбей, жұмыстар істеліп жатыр", – дейді Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты директорының кеңесшісі Жасар Әділбаев.

Жабайы табиғатты қорғау қорының қаржыландыруымен әзірге мұнда 5 бұқар бұғысы әкелінді. Себебі марал болмаса, жолбарыс тіршілік ете алмайды.

Тұран жолбарысының ең жақын туысы – амур жолбарысы.

Бұл жерге жолбарыстарды 2024 жылдары жіберуді жоспарлап отырмыз. Ал бұғы жыртқыш аңға азық болады. Қазір аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Жақында жабайы қабан мен еліктерді жібереміз. Жолбарыстардың Іле атырауында тіршілік етуіне барынша жағдай жасалып жатыр", – дейді Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы Лина Вальдшмит.

Тоғай бұғысы заманында бір миллион гектар жерде жайылатын. Іле-Балқаш табиғи резерватының аумағы – 400 мың гектар. Мұнда алдағы 5 жылда 220 бас бұқар бұғысын жіберу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу