Оған "бірнеше рет алаяқтық жасады" деген айып тағылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот процесінде жәбірленуші Тоғжан Дүйсенбаева жауап берген. Ол Сәриевтің қызметін әлеуметтік желі арқылы ұзақ бақылағанын жеткізген. Оған өзіне көмектесу туралы айтқанда, уәде беріп, қолына бірден 200 мың теңге ұстатқан көрінеді. Осылайша, сенімге кіре бастаған. Бірақ, біраз уақыт өткен соң, Ілияс Сәриев әйелге хабарласып, өзі үшін көмек сұрапты.
– Сәриев маған өз атыма несие алуымды өтінді. Ай сайынғы төлемге ақша жіберіп, "емделгеннен кейін баспанаға көмектесемін" деп уәде берді. Астанада байланысы барын айтты. Мен оған сендім, себебі үш баламмен бір жалдамалы пәтерден екінші пәтерге көшіп жатырмын. Банкке барып, 8 миллион теңге сұрадық, бірақ олар 6 миллион теңгені ғана мақұлдады, – деді ол.
6 миллион теңгені қалтаға басқан блогер келіншекпен ізінше байланысын тоқтатып, төлем жасаудан қашқақтаған.
Қазір мерзімі өткен төлем 7,5 миллион теңгеге дейін өсіп кеткенін айтқан жәбірленуші осы жағдайдан соң жеке кәсіпкерлігі тоқтап қалғанын да қоса кетті. Сол себепті, "Мен оған ең ауыр жазаны сұраймын" деп ашынды әйел.
Ал Ілияс Сәриев ақшаны қайтаратынын айтып отыр. Бірақ, жәбірленуші оны сонда да кешірмейтінін нақтылады.
– Біз бір-бірімізге сендік. Төлемді жалғастыру үшін сізбен байланыса алмадым. Мен қатаң жаза сұрайтындай ауыр бірдеңе жасадым ба? Мен бұл ақшаны қайтарамын, – деген ол.
Бұған дейін сотта Ілияс Сәриевке алданғандар сотта сөз сөйлеп, "ақшамызды алып, үй береміз деп сендірді" деген еді.