Ілияс Жансүгіровтің қызы өмірден өтті

1068

Ильфа Ілиясқызы 89 жаста еді.

Ілияс Жансүгіровтің қызы өмірден өтті Фото: Facebook.com

2024 жылдың 14 қаңтарында 89 жасқа қараған шағында ақын Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың қызы, қоғам қайраткері Санжар Жандосовтың жұбайы, дарынды ұстаз, қайсар әйел Ильфа Ілиясқызы Жандосова-Жансүгірова өмірден озды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ильфа Ілиясқызы 1935 жылы 29 мамырда Алматыда туған, бірақ 1937 жылы, небәрі 2 жасынан бастап, "халық жауы отбасының" мүшесі ретінде астанадан аластатылып, бүкіл Қазақстан даласын аралап, көшіп кетуге мәжбүр болды. Соғыс жылдарында Жамбыл облысының Меркі ауылында тұрақтады. 

Тек 1950-жылдардың басында ғана Алматыға қайта оралған Ильфа Жансүгірова Шет тілдері институтына оқуға түседі, оны бітірген соң Қ. Сәтпаев атындағы политехникалық институтта, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институында неміс тілі пәнінің оқытушысы болып, ҚазКСР Педагогикалық қоғамының Ғалым хатшысы, сонымен қатар ҚазКСР Ғылым академиясының шет тілдер кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді. 

"1958 жылы Ильфа Ілиясқызы Санжар Оразұлы Жандосовқа тұрмысқа шығады, екеуі бес баланы өсірді. Ильфа Жандосова тек батыр ана, жоғары білікті ұстаз ғана емес, 34 жыл ғұмырын бірге өткізген өмірлік қосағы, 1992 жылы қайғылы қазаға ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткері С. Жандосовтың сенімді серігі де бола білді. 1999 жылы ол Ілияс Жансүгіров қоғамдық қорын құрып, оның жұмысын өзі басқарды. Қор Ілияс пен Фатима Ғабитованың шығармашылық мұрасын жинақтап, зерделеп, аударып, басып шығарды, мектептер мен музейлерге қамқорлық көрсетіп отырды. И. Жандосова-Жансүгірова "Тағдырымның іздері" атты естеліктер жинағын шығарды. Ильфа Ілиясқызы өмірінің соңғы сағаттарына дейін Қазақстандағы азаматтық қозғалыстар мен олардың белсенділерін қолдаумен өтті", - деп жазды Жанар Жандосова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу