Әлемдегі ең бай кәсіпкер Илон Маск АҚШ-та тұратын әрбір балаға өзінің SpaceX ғарыш компаниясының екі акциясын сыйлауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоспар бойынша, акцияның бірін SpaceX компаниясы, екіншісін Илон Маск жеке өзі береді.
АҚШ-та 18 жасқа толмаған шамамен 72 миллион бала мен жасөспірім тұрады. Бір акцияның құны 127 доллардан асатынын ескерсек, әр балаға берілетін екі акцияның бағасы шамамен 255 доллар болады. Ал жалпы сыйлықтың құны 18,36 миллиард долларға жуықтайды.
Масктың айтуынша, SpaceX атынан берілетін акциялар келесі айда үлестіріле бастайды. Ал кәсіпкердің жеке акциясы 2027 жылғы маусымда берілуі тиіс.
Айта кетейік, Маск бұған дейін, қазан айында, АҚШ-тағы әр балаға компанияның бір акциясын сыйлауға уәде берген еді. Енді ол бұл сыйлықты екі акцияға дейін көбейтпек.
Forbes мәліметінше, Илон Масктың байлығы шамамен 822 миллиард долларға бағаланады. Оның иелігінде SpaceX компаниясының шамамен 6,42 миллиард акциясы бар.
Кәсіпкер SpaceX болашақта басқа ғаламшарларды игеруге және Күн энергиясын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді деп санайды. Оның болжамынша, компанияның құны бір күні қазіргі әлемдік экономиканың жалпы көлемінен де асып түсуі мүмкін.
Сондай-ақ Маск балаларға акцияларын сатпай, сақтап қоюға кеңес берді.