Ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында қар құрсауында қалған бес адамды құтқару сәтінің видеосын жариялап, "Starlink өмірді құтқарады" деп жазды. Жазба 2,3 миллионнан астам қаралым жинаған.
Оқиға биыл қазан айында Күршім ауданында болған. Жол талғамайтын көлігі бұзылған бес адам қар құрсауында қалып қойған. Ұялы байланыс болмағандықтан, олар Starlink спутниктік жүйесі арқылы құтқарушыларға хабар беріп, көмек сұраған. ТЖМ қызметкерлері "Трэкол" арнайы көлігімен шамамен 100 шақырым жүріп өтіп, барлығын қауіпсіз жерге жеткізген.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылдың соңынан бастап Starlink спутниктік байланыс жүйесін пилоттық жоба аясында пайдаланып келеді. 2026 жылы министрлік бөлімшелерінде 100-ден астам терминал бар. Олар командалық-штабтық машиналарға, байланыс және жедел әрекет ету көліктеріне орнатылған.
Спутниктік байланыс ұялы желі тартылмаған аумақтарда құтқарушыларға координаттарды жіберуге, жедел ақпарат алмасуға және іздестіру топтарымен үздіксіз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Бұл технология жоғалған адамдарды іздеу кезінде де қолданылып жүр. Мәселен, 2025 жылғы желтоқсанда Ақтөбе облысында 41 жастағы шопанды іздеу жұмыстарына Starlink, ұшқышсыз ұшу аппараты мен кинологтар жұмылдырылған. Ер адам Шұбарқұдық ауылынан 30 шақырым қашықтықта тірі табылды.
Ал 2026 жылғы шілдеде Жамбыл облысында спутниктік байланыс пен дрондардың көмегімен 19 жастағы шопан табылды. Ол Көкбастау жайылымынан 15 шақырым жерде болған.
Қазіргі уақытта ТЖМ Starlink жүйесін өндіретін SpaceX компаниясымен спутниктік байланысты министрлік бөлімшелерінде қолдану аясын кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Ведомствоның негізгі мақсаты – шалғай және жету қиын аумақтарда тұрақты байланысты қамтамасыз ету. Мұндай жерлерде ақпаратты жедел жеткізу мен құтқару топтарының жұмысын үйлестіру адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.