Иманғали Тасмағамбетов Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйінде болды

1988

Иманғали Тасмағамбетов Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйінде болды

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласындағы Алаш қайраткері, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйіне арнайы барып, тарих және мәдениет ескерткіші саналатын музей үйінің жылдар бойы  қордаланған мәселелерінің шешілуіне мұрындық болмақ, делінген Премьер-министр орынбасарының хатшылығы таратқан ақпаратта.

Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйінің директоры Райхан Сахыбекқызы вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовті мұражай жұмысымен және ақынның жәдігерлерімен таныстыра отырып, түйткілді мәселелердің бар екенін жеткізді. 

Вице-премьер өз кезегінде алаш зиялыларының құнды мұраларын жинақтап, сақтауға келгенде аянбай еңбек ету қажет екенін айта отыра, осы дүниелердің құндылығына да ерекше тоқталды. 

"1934-1937 жылдары ақын тұрған осынау киелі шаңырақ – тарих пен тағылымның ордасы. Бұл үйдің әрбір кірпіші мен бұрышы Ахаңның қиын да қасіретті тағдырынан сыр шертеді. Сондықтан, біз бұл тарихи ескерткішті сақтауға, оның білім мен ғылымның, тәлім мен тәрбиенің ордасы ретінде дамытуға тиіспіз", - деді Иманғали Тасмағамбетов.

Үкімет тарапынан қайраткердің ғылыми еңбектерін зерделеуді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов мұражайға ұлттық мәртебесін беру, Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының 10 томдығын шығару және деректі фильм түсіру жқнінде тапсырма берді. Қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін келесі аптада Астанада арнайы кеңес өткізілетіндігі айтылды.

Айта кетейік, 1934-1937 жылдар аралығында Ахмет Байтұрсынов тұрған үй мұражай ретінде 1998 жылы ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ресми түрде ашылған. Сондай-ақ, биыл Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу