Үкімет отырысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылғы 10 айдағы мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы баяндама жасады.
"Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 104,1%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 8,4 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 102,2%-ға орындалды.
Кірістер бойынша жоспар 179 млрд теңгеге артығымен орындалды, оның ішінде салықтар - 89 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 90 млрд теңгеге асыра орындалды", – деді министр.
Оның сөзінше, салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына тиесілі.
Оның басты факторлары:
- өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өткізу бойынша айналымдардың 26%-ға ұлғаюы;
- қосылған құн салығын қайтару сомасының 19%-ға төмендеуі;
- үшінші елдерден импорт көлемінің 29%-ға ұлғаюы болып табылады.
"Жоспар импорттық кеден бажы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша орындалмады", – деді министр.