Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров індет белгілері бар адамдар мешітке бармау керектігін мәлім етті.
"Құрметті, жамағат, сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ, қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз", – деді ол.
Осы орайда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылман дінінде бұған рұқсат берілгенін кесіп айтты.
"Бір адамның өмірін сақтап қалу – бүкіл адамзаттың өмірін сақтағанмен бірдей. Бір адамның өміріне қиянат жасау – бүкіл адамзаттың өміріне қауіп төндірумен тең, деген сөз бар. Ислам діні адамға қандай қауіп төнсе, содан қайтарған. Тіптен мешітке бару адам денсаулығына, өміріне қауіп төндірсе оған ол жерге баруға болмайды, деп дінімізде айтылған", – деді ол.
Құралай Құдайберген