Коронавирус пандемиясының кесірінен 2021 жылы әлемде ашаршылық күрт жайлауы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш осындай болжам жасады. Оның айтуынша, келесі жылы азық-түлік жетіспеушілігі сияқты мәселе де кей өңірді титықтатып жіберуі ықтимал.
"Ашаршылық – адам құқығының өрескел түрде тапталуы саналады, өйткені қазір әлемде бұл ресурстың тапшылығы байқалып отырған жоқ. 2020 жылдың соңына қарай 130 миллион адам аштыққа душар болуы мүмкін, осы орайда БҰҰ-ның азық-түлік бағдарламасы азық-түлік жеткізуді жалғастыра береді", – деді Гуттериш.
Еске сала кетсек, бұған дейін Африка мен Таяу Шығыстағы он шақты елдің жаппай ашаршылық алдында тұрғаны жарияланған еді. Өйткені ондағы түрлі шиеленістер, экономикалық түйткілдер, қолайсыз ауа райы мен коронавирус пандемиясы жүздеген мың адамның қаржылық жағдайын нашарлатып жіберген.
Табиғат Нұрболат