Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың сөзінше, облыстық жұқпалы аурулар ауруханаларының жүктемесі – 56%. Соған қарамастан өңірде станционарлық орындар саны 3 есе арттырылған.
"Орта есеппен ауруханалардан күніне 150 адам емделіп шықса, 200-ге жуық науқас ауруханаға түседі. Соңғы уақытта жағдайы ауыр науқастар санының артуына байланысты провизорлық орталықтарда орын саны 3 есе ұлғайтылды. Яғни, 17 стационарлық мекемедегі 150 орын 500-ге дейін арттырылды. Пневмониямен ауырған науқастарды емдеуге арналған 31 стационардағы 1 мың орын 3 мыңға дейін көбейтілді. Мәселен, Талдықорған қаласында 300 төсектік стационар облыстық аурухана базасына көшірілді. Тері-венерологиялық аурухана базасында 85 орын ашылды. Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар ауруханаларының жүктемесі 56%, провизорлық орталықтар жүктемесі 86%", – деген облыс әкімінің орынбасары науқастардың басым бөлігінің қосалқы аурулары бар екенін айтады.
"Нақастардың басым бөлігі 50 жастан асқан азаматтар. Оның ішінде 90%-ының қан қысымы жоғары, қант диабеті, обыр ауруларымен ауырған. Сондықтан барша жетісулықтарды карантин талаптарын сақтауға шақырамын. Әсіресе қосалқы созылмалы ауруы бар адамдарды", – деді Батыржан Байжұманов.
Құралай Құдайберген