Індеттің жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін – Асқар Мамин

563

Қостанай, Ақмола облыстарында эпидемияға қарсы шараларды күшейту керек.

Індеттің жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін – Асқар Мамин

Коронавирус инфекциясының тәуліктік өсімі 1,2%-дан аспайды. Аурудан айыққан адамдардың саны вирус жұқтырған адамдардың 69,4% құрап отыр. Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин осылай деді. 

Оның сөзінше, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Ауруханалардың жүктемесі 36% дейін төмендеді.

"Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша апта қорытындысында инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден төмен келесі облыстарды атап өтуге болады. Олар: Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары", – деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, инфекцияның репродуктивтік деңгейі Қостанай, Ақмола облыстарында 1-ден жоғары болып тұр. 

"Бұл өңірлердің әкімдері эпидемияға қарсы шараларды күшейтуге ерекше назар аударуы қажет. Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жөніндегі қарқынды жұмысты, оның ішінде санитарлық нормаларды, маска кию режимін сақтау туралы түсіндіру науқанын жалғастыру керек", – деді премьер-министр.

Асқар Маминнің айтуынша, індеттің жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін. 

"Біз індетке тосқауыл қоюға дайын болуымыз және оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл үшін жоспарланған кешенді шаралар жүзеге асырылуға тиіс", – деді үкімет басшысы. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу