Индонезия елшісі: Түркістанның туризм саласын дамытуға біздің ел де үлес қосады

1395

Рахмат Промоно Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде осылай деді.

Индонезия елшісі: Түркістанның туризм саласын дамытуға біздің ел де үлес қосады

Түркістан облысы мен Индонезия мемлекеті туризм және сауда-саттық салалары бойынша тығыз байланыс орнатады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Индонезия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Промоно мен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев осындай уағдаға келді.

"Индонезия туризм саласында табысқа жетіп жүрген мемлекет екенін білеміз. Біздің өңір үшін осы елдің туризмді дамыту бағытындағы тәжірибелерін меңгеру маңызды. Себебі, Индонезияда Қазақстанды, оның ішінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көргісі келетін саяхатшылар көп. Әуежай салынған соң облысымызға туристер ағылатыны анық. Қазір индонезиялықтар Өзбекстанның Самарқан, Бұхара қалаларына жиі саяхаттайды. Оларды облысымызға шақыруға мүмкіндік мол. Өйткені, Түркістан облысында тау да, өзен де, көл де, құм да, курортты аймақтар да, тарихи-мәдени ескерткіштер де көп. Түркістан-Самархан-Индонезия туристік бағытын қалыптастырып, әуе рейстерін аша білсек, туризмді дамытуға тиімді болмақ...Сізді 28 қыркүйекте Түркістан қаласында өтетін халықаралық инвестициялық және туристік форумға шақырамын", — деді өңір басшысы

Өз кезегінде Рахмат Промоно жылы қарсы алған өңір басшысына ризашылығын білдіріп, Түркістан қаласынан ерекше әсер алғанын жеткізді.

"Өзбекстандағы Самарқан, Бұхара қалаларын аралап көрдім. Бірақ, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі айрықша әсер етті. Сәулетті ескерткіш екен. Менің бұл елдегі миссияларым — саяси және экономикалық байланысты күшейту. Саяси тұрғыда Индонезия мен Қазақстан сенімді әріптестер екенін білесіздер. Түрлі мәселелерде, халықаралық форумдарда қос ел бір-бірін қолдап дауыс беріп жүреді. Енді біз экономикалық және сауда-саттық бағытындағы жұмыстарды тереңдете түсуге ниеттіміз. Сіздерді келесі жылы Индонезияда өтетін туристік көрмеге шақырамыз. Түркістанның туризм саласын дамытуға біздің ел де үлес қосады деген сенімдемін", — деген ол екі ел арасындағы виза мәселесін жеңілдете түсу керектігіне тоқталды.

Кездесу соңында облыс әкімі мен мәртебелі мейман бір-бірімен естелік сыйлықтар алмасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу