Индонезия өз астанасын Джакартадан Нусантара қаласына көшіреді

591

Жаңа астана Калимантан аралында орналасқан. 

Индонезия өз астанасын Джакартадан Нусантара қаласына көшіреді Фото: Новости Таиланда

Елордада өтіп жатқан бауырлас қалалардың форумында индонезиялық делегацияның өкілі Мохаммед Али Берави астананы көшіру жұмыстарына тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

"Біздің қазіргі астанамыз Джакарта қаласы. Енді астананы Нусантара қаласына көшірмекпіз. Индонезияда 270 млн-ға жуық халық бар. Халық саны бойынша әлемде төртінші елміз. Джакартада жол кептелісі, көліктермен байланысты бірқатар проблемалар бар. Бас қалада 10 млн адам тұрады", - деді спикер "Қалалардың цифрлық трансформациясы: инновациялық жобалар, бағдарламалар мен технологиялар" панельдік сессиясында.

Ол бас қаланы көшіруге дайындық жұмыстарының көп уақыт алғанын жеткізді.

"Нусантараны дамытудың негізгі 5 негізгі ұстанымы бар. Ол тұрақты жасыл даму элементтерінен тұратын астана болады. Сондай-ақ инклюзивті және жаһандық қала атанады. Бұдан бөлек Нусантура ақылды қала болады деп жоспарланып отыр. Бұл даму жобасы аясында 3 негізгі міндетті басшылыққа алдық:  базалық инфрақұрылым, кең жолақты интернет ұсынылатын белсенді инфрақұрылым және қоғамдық қажеттіліктерге бағытталған қосымша даму аймағы", - деді спикер.

2024 жылға қарай Нусантара ел астанасы болады деп жоспарланып отыр.

Мохаммед Али Беравидің сөзінше, Индонезияда да біздің еліміздегідей қызмет түрлері көрсетіледі.

"Біз өз азаматтарымызға сіздердегіге ұқсас қызметтерді ұсынамыз. Көлік және мобильділік бойынша арнайы автономды жүйе бар, яғни автобус экожүйесі. Сонымен қатар ақылды логистика қолжетімді. Ластану және қоршаған орта бойынша тиісті басқару жүйесі бар. Сондай-ақ табиғи ресурстар, су ресурстарын басқару және жаңартылатын энергия көздері жүйесі де бар. 2025 жылға қарай біздің астанамыз электр энергиясының 100 пайызын жаңартылатын энергия көздерінен алатын болады", - деді ол.

Табиғи ресурстар мен энергетикаға келсек, парниктік газдар шығарындылары мен көміртекті пайдалануды бақылайтын арнайы жүйе бар, деп жалғастырды Мохаммед Али Берави.

Бұдан бөлек ол Индонезияның тропикалық ормандарды қайтадан қалпына келтіріп жатқанын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу