Индонезия Путин мен Зеленскийді байланыстыратын көпір болмақ

579

Индонезия G20 саммитінде Ресей президенті Владимир Путиннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеніп, Зеленскиймен кездесуді ұйымдастыруды ұсынды.

Индонезия Путин мен Зеленскийді байланыстыратын көпір болмақ

Бұл туралы Индонезияның Ресейдегі елшісі Хосе Таварес Халықаралық экономикалық форум алаңында "РИА Новости"-ге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Биыл G20 саммитін қабылдайтын ел ретінде, әрине, біз барлық қатысушылар үшін қауіпсіздік кепілдігін береміз. Индонезия бірнеше рет халықаралық кездесулерді — АТМЭЫ, ОШАМҚ, Шығыс Азия саммитін және т.б. қабылдады. Әрине, Индонезия барлық қатысушылардың, ең алдымен қатысуды жоспарлап отырған мемлекет басшыларының қауіпсіздігіне кепілдік береді", — деді Таварес.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Индонезия G20 саммитін "керемет мүмкіндік" ретінде бағалап, Ресей президенті Путин мен Украина президенті Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыруға дайын екендерін хабарлады.

"Егер олар осы алаңды пайдаланса, бұл өте жақсы болар еді. Индонезия бұл мәселеде көмектесуге дайын. Өкінішке орай, келіссөздер біраз уақыт бұрын тоқтатылған еді, бірақ Индонезия Түркияның келіссөз ұйымдастырудағы күш-жігерін қолдайды", - деді Таварес.

Сондай-ақ сұхбат барысында елші G20 кездесуінде Ресей мұнайының "шекті бағасын" талқылау жоспарланбағанын айтты.

"Біз шекті бағаны енгізу идеясы туралы естідік. Шекті баға сатып алушыларға арналған. Ресей баға шегіне қатысты мұндай ұсынысты қабылдай ма, жоқ па білмеймін, бұл сұрақта мен сенімді емеспін. Егер бізді ресейлік мұнай немесе газ қызықтырса, біз Ресеймен келіссөздер жүргіземіз", - деп сендірді Индонезияның Ресейдегі елшісі.

G20 саммиті алдағы күзде Балиде өтеді. Оған Ресей президенті Путин де шақырылды.

Динара Мұрат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу