Индонезия жағалауындағы Ява теңізінде Virgo Transport 8 жолаушылар паромы суға батып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD басылымына сілтеме жасап
Паром Ява аралындағы Сурабая қаласынан Борнео аралындағы Банджармасинге бағыт алған. Алайда жолда қатты дауылға тап болған. Жексенбі күні таңертең экипажбен байланыс үзілген. Сол кезде кеме шамамен 500 шақырымдық жолдың үштен екі бөлігін жүріп өткен. Құтқарушылар 103 адамды судан алып шықты. Бір адам қаза тапты, ал шамамен 140 адам әлі іздестіріліп жатыр.
Құтқару жұмыстары жалғасуда. Аман қалғандар Ява аралының шығысындағы портқа жеткізіледі. Құтқарушылар жоғалған жолаушыларды іздеуді жалғастырып жатыр.
Virgo Transport 8 – ұзындығы 119 метр болатын, 39 жыл бұрын жасалған кеме. Индонезияда паром қатынасы өте маңызды. Ел аумағында 17 мыңнан астам арал бар, сондықтан аралдар арасында қатынау үшін паромдар кеңінен пайдаланылады.