Өткен аптада Индонезияда болған су тасқыны салдарынан 500-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, су тасқыны 3 провинцияда тіркелген. Табиғи апат 1,4 миллион адамға зиян тигізген. Тағы 500 адам жоғалып кеткен, мыңдаған адам жарақат алған.
Тропикалық дауылдар муссондардың әсерінен күшейіп, Оңтүстік-Шығыс Азияда соңғы жылдары тіркелмеген алапат су тасқыны болды. Малайзия мен Таиландта жүздеген адам қаза тауып, із-түссіз кетті. Таиландта ресми қаза болғандар саны 170 адамды құрайды. Малайзияның солтүстік бөлігіндегі Перлис штатында тағы 2 адам көз жұмды. Шри-Ланкада сел мен зілзаланың салдарынан 160-қа жуық адам қаза тапты.
Қолайсыз ауа райы құтқарушылардың жұмысын қиындатқан. Он мыңдаған адам эвакуацияланғанына қарамастан, жүздеген адамға әлі де қауіп төніп тұр.
Ең көп зардап шеккен Тапанули ауданындағы тұрғындар азық-түлік іздеп, дүкендерді тонап кеткені туралы айтылады. Жергілікті халық гуманитарлық ұйымдардың осы аймаққа жете алмай отырғанын жеткізді. Тұрғындар ел билігінен Суматраны апат аймағы деп жариялауды сұрап отыр.
Метеорологтардың айтуынша, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қолайсыз ауа райы Филиппинде болған "Кото" тайфунының әсерінен пайда болуы мүмкін. Жыл сайынғы муссон кезеңі маусымнан қыркүйекке дейін созылады.