Индонезияда мыңжылдық жанартау қайта оянды

1085

Индонезияда мыңжылдық жанартау қайта оянды

Индонезияның Бали аралындағы Агунг жанартауы қайта оянды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат National Geographic-ке сілтемемен.

Малайя архипелагына енетін аралдың ең биік нүктесі биыл тамыз айында оянған болатын. Соның салдарынан 120 мың адам бұрынғы жойқын апаттардың қайталануынан үрейленіп баспанасын тастап кеткен.   2017 жылдың қазан айына қарай жанартаудың белсенділігі бәсеңдей түскендіктен, билік те қауіп деңгейін төмендеткен. Алайда 21 қарашадан бері жанартаудан қою түтін қайта шығып жатыр, одан шыққан күл жақын маңдағы бес елді мекенді басып қалды.

Ғалымдар Агунг жанартауының атқылау-атқыламауы туралы кесіп ештеңе айта алмай отыр, дегенмен ел билігі тұрғындарды 6 шақырымдық радиустан алыс жүруге шақыруда.  

Volcanology and Geological Hazard Mitigation зерттеу орталығының ғалымдары жанартау белсенділігі 3-ші деңгейге жетті деп отыр (ең жоғары белсенділік деңгейі - 4-ке тең).    Биліктің жанартаудан қауіптенуіне негіз бар. Мыңжылдық тарихында 3142 метрлік жанартау төрт рет атқылап, соның барлығы аса ауыр салдарға әкеп соқтырған. 1963-1964 жылдары соңғы рет оянғанда 1100 адамның өмірін қиып, ондаған мың адам баспанасынан айырған еді.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу