Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 160 адамнан асты

544

Индонезияның Ява аралындағы қатты жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 162-ге жетті, деп хабарлайды Associated Press жергілікті билікке сілтеме жасап.  

Индонезиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 160 адамнан асты Фото: vesti.ru

Батыс Ява губернаторы Ридван Камилдің айтуынша, қаза тапқандардың көпшілігі мектеп оқушылары. Ал, үйлері жер сілкінісінен қатты зақымданған 13 мыңнан астам тұрғын эвакуациялық орталықтарға жеткізілген.

5,6 баллдық жер сілкінісі дүйсенбі күні түстен кейін Индонезияның Ява аралында болды. Индонезияның Метеорология, климатология және геофизика агенттігі кем дегенде 25 дүмпу тіркеді. Табиғи апаттың ошағы шамамен 175 мың халқы бар Чианджур қаласының маңында болды.

Индонезияда жойқын жер сілкіністері жиі құбылыс. Мысалы, ақпан айында Батыс Суматра провинциясындағы 6,2 баллдық жер сілкінісі салдарынан кем дегенде 25 адам қаза тауып, 460-тан астамы жарақат алды. 2021 жылдың қаңтарында Батыс Сулавеси провинциясында 6,2 баллдық жер сілкінісі 100-ден астам адамның өмірін қиды және 6,5 мыңға жуық адам жарақат алды.

2004 жылы Үнді Мұхитындағы қатты жер сілкінісі мен цунами бірқатар елдерде 230 мыңға жуық адамның өліміне әкелді, олардың көпшілігі - Индонезия тұрғындары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу