Indoor Run Astana: Астанада әуесқой желаяқтар жарысы басталды

270

Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде 100-ден аса әуесқой спортшы бас қосып, бірнеше қашықтық бойынша жүлдегерлерді анықтады. 

Indoor Run Astana: Астанада әуесқой желаяқтар жарысы басталды Фото: Астана қаласының әкімдігі

Жеңіл атлетикадан әуесқойлар арасындағы Indoor Run Astana-2024 жарысы өтіп жатыр.

"Дәл осы спорт кешенінде келесі аптада алғаш рет World Athletics Indoor Tour Gold Label турнирі өткізіледі. Айтулы жарыста Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары, атақты спортшылар өнер көрсетеді.
Міне, сіздер де жеңіл атлетикалық Qazaqstan спорт кешенінде екінші мәрте жарысқа қатысып жатырсыздар. Сіздердің де көрсеткіштеріңіз жақсарып, халықаралық деңгейге көтерілуілеріңізді тілеймін!" - деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Корбозов сайыстың ашылу салтанатында.

Сайысқа елімізден өзге Ресей, Ұлыбритания сынды мемлекеттерден әуесқой спортшылар қатысуда.

"Бұған дейін триатлон спортымен айналысып келдім. Енді әуесқойлар арасындағы жеңіл атлетика жарыстарында өнер көрсетіп жүрмін. Алматы, Астана марафондарына тұрақты қатысамын. Бүгін алғаш рет жабық кешендегі манежде жүгірдім. Әрине, оңай болмады. Дегенмен жеңіл атлетикадан сайыстардың артуы барлығымыздың уақыт көрсеткішімізді жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Кәсіби желаяқтарға арналған спорт кешенінде жүгіріп, керемет әсер сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз", - деді айтулы жарыста 1000 метр қашықтықта жеңімпаз атанған Айнұр Құмарова.

Айта кетсек, турнирде әуесқойлардан бөлек, интеллектуалдық дамуы шектелген 4 спортшы да өзара жеңімпазды анықтады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2022 жылы Indoor Run Astana жарысында 70 қатысушы болса, қазір олардың 122-ні құрап отыр.

Жарыстың ресми нәтижелері бүгін белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу