InDriver жүргізушілеріне 50 шақырымнан ұзақ жүруге тыйым салынуы мүмкін

461

Министрлік осы бағытта бірқатар ұсыныс әзірледі.  

InDriver жүргізушілеріне 50 шақырымнан ұзақ жүруге тыйым салынуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Көлік министрі Марат Қарабаев InDriver жүргізушілеріне қойылатын талап қатаңдатылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мынадай бір ұсынысымыз бар. Оң рульді көлікті InDriver-ге мүлдем тіркелуге хақысы жоқ деген. Өйткені, бізде жол-көлік оқиғаларының көбі оң рульді көліктердің қатысуымен болады. Мысалы, Alphard-тар басында оң рульді болған, кейін сол жаққа істелінген. Олар қолмен жасалған көліктер ғой. Оларды да InDriver-ге тіркеуге мүмкіндігі болмайды деп отырмыз. Бұдан бөлек екі қаланың арасында тұрақты қатынайтын автобустар 2020 жылдан кейін жоғалып кетті. Қазір халық автобусқа мінбей жатыр, бәрі InDriver-мен жүріп жатыр. Ол ыңғайлы, себебі үйлерінен алып кетеді", - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Осыған байланысты министрлік екі шараны қарастыруды көздеп отыр. 

"Біріншісі Сенат қабылдап жатқан "орташа жылдамдық" туралы заң. Яғни бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін орташа жылдамдықты асырмау керек, одан көп болса, автоматты түрде айыппұл келеді. Нәтижесінде жеңіл көлік пен автобустардағы орташа жылдамдық бірдей болады деп ойлап отырмыз. Сондықтан халық қайта автобусқа өте ме деген ой бар. Екінші ұсыныс – басқа елдерде InDriver сияқты агрегаттардың қалалардың арасында қатынауға рұқсаты жоқ. Мысалы, бізде де 50 шақырымға дейін болады, одан әрі қатынауға болмайды деген", - деп атап өтті Марат Қарабаев.

Ведомство басшысы жол апатының дені жылдамдықты қатты асырғаннан, жүргізушілердің күні-түні демалмай бір қаладан екінші қалаға жолға шығуынан деп отыр.

"Біржақты шешім қабылдамаймыз. Бұл тек ұсыныстар", - деді Көлік министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу