Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
"Шымкентте 5 өндірістік аймақ бар. Мұнда жалпы сомасы 216 млрд теңгені құрайтын 273 инвестициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде индустриялық аймақтар өзінің экономикалық тиімділігін көрсетіп отыр. Қазынаға түскен салықтық түсімдер 59 млрд теңгені құрады", – деді шаһар басшысы.
Оның айтуынша, индустриялық аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында арнайы тексеріс жүргізілген.
"Тексерістер нәтижесінде игерілмей жатқан 52 гектарды құрайтын жер телімі анықталды. Бұл жерлерге жаңа инвесторлар тартылатын болады.
Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар жерді құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз", – деді спикер.