"Индустриялық климат" ұғымын енгізу ұсынылды

1127

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов елімізде"индустриялық климат" ұғымы енгізілетінін айтты.

"Индустриялық климат" ұғымын енгізу ұсынылды

Бүгін Мәжілісте "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасы таныстырылды.

"Заң жобасы қолайлы индустриялық ортаны қамтамасыз етуді, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуды, инновацияларды тиімді енгізуді, өнеркәсіп ішіндегі құндылықты дамыту, өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді", - деді вице-министр Аманияз Ержанов.

Ол құжатта өнеркәсіпті дамытуға бағытталған 26 ұғым мен анықтама енгізілгенін атап өтті.

"Онда өнеркәсіп, өнеркәсіптік саясат, өнеркәсіп саласындағы субъектілер, ел ішіндегі құндылық, өңдеу өнеркәсібі, өнеркәсіптік өнім және тағы басқа мәселелер бар.

Заң жобасындағы жаңашылдықтың бірі - индустриялық климат ұғымының енгізілуі. Оның аясында экономикалық, әкімшілік, құқықтық, институционалдық және тағы басқа бәсекеге қабілетті өндірістерді құру және кеңейту жөніндегі жағдайлар мен деректер бағаланады", - деді вице-министр.

Аманияз Ержанов индустриялық климаттың жай-күйіне мониторингті министрлік жүргізетінін жеткізді.

"Оның нәтижелері болашақта өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру кезінде ескеріледі. Мониторинг негізінде нақты шешімдер қабылданып, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі бағаланады", - деп түйіндеді сөзін ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу